Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері

Сабақ жоспарлары

  • 15.01.2017
  • 2226

Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері тәрбие сабақ жоспары

Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері тәрбие сабақ жоспары


Тақырыбы: «Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері»
Мақсаты: Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алған, әсем әндерімен тыңдарман жүрегіне шуақ берген ұлы әншінің шығармашылығы тарихымыз бен ұлттық музыка өнеріндегі қайталанбас дара құбылыс екендігін дәріптей келіп, осы киелі мұраны жас ұрпақ көздің қарашығындай әспеттеуге міндетті екендігін сезіндіру.
Міндеттері:
Білімділік: Ә.Қашаубаевтың өмірі мен өнері туралы мол мағлұматтар жинақтау, оны бір жүйеге келтіріп өмірбаяндық (биографиялық) жұмыс жазу.
Тәрбиелік: Қазақ әнінің құдіретін әлемге танытқан дара тұлға Ә.Қашаубаевтың өмірі мен өнерін насихаттай отырып, өз елінің тарихы мен өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушының өз бетімен ізденуіне бағыт-бағдар бере отырып, шығармашылық белсенділігін арттыру.
Көрнекілігі:
Әміре Қашаубаевтың портреті, кітап көрмесі, фото-суреттер.
Жоспары:
1. Пән мұғалімі кіріспе сөзі
2. Әміре Қашаубаевтың репертуарынан «Балқадиша» әні.
3. Шағыров Қайырбектің «Ұлы тенор» поэмасынан үзінді. 4. Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері
Барысы:
Кіріспе сөз
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді, өтті оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп жоғалтпаса.
Шәкәрім
Қазақтың әншілік өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубайұлы жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Әнші шығармашылығы жайлы мақалалар мен кітаптар жетерлік. Алайда, талант иесінің ашылмаған ақтаңдақтарына байланысты тұсқа келгенде әркімдер әртүрлі әңгімелейді. Әсіресе, біреу айтыпты-мыс, солай болған екен, деген тәрізді құлақтан құлаққа тарайтын сөздер көбірек айтылады. Жаңсақ пікірлер мен жалған сөздер де жоқ емес. Сондықтан да не жазылса да нақтылы деректерге сүйенген орынды болады. Әміре Қашаубаев туралы дерек көздеріне тоқталып кетсек. 1. Әміре өмірі туралы кітаптар саны 7-еу. 2. Ішінде Әміре жөнінде айтылатын кітаптар саны 96 -ға дейін жетеді. 3. Әміре туралы шағын 9 прозалық шығармалар және 15 поэзиялық шығармалар бар 4. Газетте жарияланған Әміре туралы материалдардың саны 145-ке жеткен. 5. Журналдарда Әміре туралы 32 материалдар жарияланған.
Ұлы тенор
Үзілу
Немесе Әміренің ақырғы монологі
«Осы ма еді ел деген, Көріппе едің аямасты, ағатай?»(Жапалдың сөзі, «Еңлік-Кебек» трагедиясынан)
Жарандар! Жақсы көрген әншің едім, Мен неге орта жолда әлсіредім. Жаңа таң, жарық күндер қайда кетті? Ысыршы мына түннің сәл түнегін.
Жас болдым, көріп-білдім, сүйіп күлдім. Тым ащы дәмін таттым күйік-мұңның. Өзгеге барын берген ақ жүрекпен, Көп жерде пенделіктен биік тұрдым.
Тек жаным туған жерді сағынады. Қош енді, алыс қалған Абыралы. Ашықтың нәубетінен есі кеткен, Қайран ел қайда барып шағынады?
Жазылып Жапал-тағдыр маңдайыма, Шырқырап қалмасын деп ән жайына Тапсырып кеттім саған, халық ана Орап ап шапанымның шалғайына
Шағыр Қайырбек

Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері
Әміре Қашаубаев (1888-1934)-атақты әнші, актер, әрі музыкант. Әміре бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Ақбұлақ ауылынан сегіз шақырым жердегі Шәку тауының бөктерінде Қашаубайдың отбасында дүниеге келген Әншілік өнердің Әміре бойына қалыптасуына анасы Тойғанның әсері ерекше болған. Қаршадай бала Әміренің домбыраға алғаш батасын берген-белгілі ақын Жанақ болатын. Ол Әмірені еркелете отырып: «Саусағың мен ерніңді табиғат домбыра тартып, ән салуға лайықтаған екен,»-депті. Әміренің өнерге ыңғайына мән беріп, оны домбыра тартып, ән айтуға баулыған немере ағасы Серік Тергеубайұлы. Әміренің әкесі Қашаубай 1900 Семей көшіп келеді. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ерте жүріп, жиын-тойларда ән салғызады. 1914 жылы 25 қаңтарда Семей қаласында алғаш рет қазақ тілінде Абай Құнанбаевтың қайтыс болуының 10 жылдығына орай ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтардың ұйымдастыруымен еске алу кеші өткізіледі. Осы кеште әйгілі әнші Әміре Қашаубаев , Абайдың ең сүйікті әншісі Әлмағамбет Қапселемов, семинарист Қаныш Сәтбаев, әнші Нәзипа Құлжановалар Абай әндерін шырқайды. Әміре-шетелде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі. Арнайы шақыруымен келген Әміре 1927 жылы сәуір айында Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін көрермендер алдында тамылжыта шырқайды. Сол жылы (1927) Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмесінде концертке қатысып, тағы да халық әндерін халыққа паш етеді. Әміренің орындауындағы әндер сәнді ырғағымен, нәзік нақышымен, сазды әуенімен ерекшеленеді. Әміре орындаған әндер дүне жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Р.Роллан, А.Барбюс, т.б. өнер зерттеушілерінің тарапынан жоғары баға алған А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» (1931) жинағында жариялады. Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М.Әуезов, С.Сейфулин, И.Байзақов, Ә.Марғұлан, Ж.Елебеков, Қ.Жандарбеков, А.Жұбанов және т.б. өте жоғары бағалаған. 1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімов тауып, оларды техникалық өңдеуден өткізіп, қайтадан күйтабаққа түсірілді. 1926 жылы Қызылордада ашылған қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі болып Әміре де қабылданып, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылғанда Жапал рөлінде ойнады. Кейін Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын т.б. әр алуан кейіпкерлердің образдарын сомдады. 1933 жылға дейін театрда әнші-актер болған Әміре 1934 жылы Қазақтың музыкалық театрына (қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театры) ауысты. Әнші Әміре Қашаубаев 1925 жылдан бастап 9 жыл бойы тергеу азабының тепкісін көріп, небәрі 46 жасында 1934 жылдың қараша айының 5-нен 6-на қараған түні қайтыс болды. Алайда, Әміре атамыздың есімі оның денесімен бірге көрге кетпегені белгілі. Әлем жұртшылығын әнімен тамсандырған Әміре ән әлемінің жарық жұлдызы болып қала бермек. Әміре Қашаубайұлы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы тенор –әнші. Қазақ музыкасындағы Әміренің алатын орны-Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жарылғапберді, Мәди сынды замана тұлғаларының әншілік дәстүрін кеңестік кезеңге жалғастырып, жеткізіп беруінде болып табылады. Осы жылы Әміре Қашаубайұлының мерейтойын жұрт болып, ел болып лайықты өткіземіз деп ойлаймын.