Адамгершілікті, әдептілікті, сұлулықты қалай түсінесің?

Сабақ жоспарлары

  • 15.01.2017
  • 1620

Адамгершілікті, әдептілікті, сұлулықты қалай түсінесің? тәрбие сабақ жоспары

Адамгершілікті, әдептілікті, сұлулықты қалай түсінесің тәрбие сабақ жоспары


Мақсаты:
А) Білімділік: Оқушылардың адамгершілік, әдептілік, сұлулық мәселесіне көзқарастарын білу, ой-өрістерін байқау;
Ә) Тәрбиелік: адамгершілік, қасиеттерге тәрбиелеу;
Б) Дамытушылық: Ойлау қабілеттерін, өз ойын жеткізе білу, пікірталасқа қатыса білу дағдысын дамыту.
Әдеп сағатының көрнекілігі: Тақырып және сұрақтар жазылған плакат.
Әдеп сағатының барысы:
І. Кіріспе. Пікірталастың мазмұнымен таныстыру.
ІІ. Пікірталас сұрақтарына жауап.
/өз пікірлерін бүкпей, жасырмай, қысылмай ортаға салуларын айтып, сұрақтарға жазған жауаптарын жинаймын/
ІІІ. Қорытынды.
«Адамгершілікті, әдептілікті, сұлулықты қалай түсінесің?»
Пікірталас сұрақтары:
1. Адам өмірінің мәні неде?
2. Адамгершіліктің өлшемі бар ма?
3. Тоқмейілсуге бола ма?
4. Өзіңді қоршаған ортаға (жанұяңа, ата-анаңа, мұғалімдер мен жора - жолдастарыңа т.б.) қалай қарайсың?
5. Адамгершілік пен әдептілік білімге байланысты ма?
6. Қарапайымдылық пен сұлулықтың ара қатынасы қандай?
7. Шындықты айта аласың ба?
Оқушыларға берілетін кейбір дайын пікірлер:
1-оқушы:
Адамгершілік, әдептілік, сұлулық. Осы 3 сөзді күнде айтып, естіп, қолданып жүргенімізбен, осылардың астарына, философиялық тереңдігіне мән бермейді екенбіз. Себебі, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде», «Адамгершілік - ар-ожданның тазалығы- адамшылық»,»Адамдық- адам атына сай қасиет », - деген түсінік беріліпті.
Осыларды оқығанда , ата-анамның , мектептегі ұстаздарымның : «Алдымен адам бол, адамгершілігіңді жоғалтпа, басқаларды да адамшылыққа тәрбиелеуге талпын», - деген сөздері ерекше есіме түсті. Ал ұлы атамыз Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқығанда: «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ. Бүгінгі өмір жарқылдап алдар. Бірақ адам болу - шын мәніндегі адамзат, кісі болу. Адам қылмау - ел қатарына қоспау. Адам деген даңқым бар. Жалпылдақтан айырылып, сене алмай, адамдықты жоғалтар ақыр бол іс. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Ұят деген- адамның өз ойындағы адамшылық»,- деген ойлы пікірлерді көруге болады.
Яғни, адамгершілік- жинақты ұғым. Ол адамның ойындағы, мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі, қарым-қатынасындағы көптеген мәселелерді қамтиды.
2-оқушы:
Сұлулығын қояйын мінезі артық,
Ақылды, асу жүрек,сөзі майда,-
немесе:
Сұлу аттың көркі – жал,
Адамзаттың көркі - мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет – қызық, бала – бол,- деген де Абай атамыз емес пе?
Осы шумақтардағы сұлулық адамдықпен, оның тұрмыс-тіршілігімен, бақ-дәулетімен , келер ұрпағымен ұштасып жатқан жоқ па?
Сұлулық адамдықтан, мінез-құлықтан, білімділіктен, кішіпейілдіктен, ізеттілік пен ілтипаттылықтан, мәдениеттіліктен туындайды. Бұл- ойдың тереңдігіне, мінездің ұстамдылығына, жақсы дәстүрді жете біліп, дұрыс жалғастыруына, оны пайдалана, қолдана білуіне негізделеді. «Көркіне емес, ісіне қара», «Түрін қайтесің, адамгершілігін айт»,- деген қағидалар да осындай қасиеттерді игергенге айтылады.
Сұлулық- жан сұлулығы, мінездің сыпайылығы, білімінің тереңдігі, ой-өрісінің кеңдігі.
3-оқушы:
Әдептіліктің адамгершілікпен, сыпайылықпен, мәдениеттілікпен ұштасып жататындығын аздап білемін. Бірақ бейімділіктен туындайтынына сене бермеймін.
Өйткені
Халқымызда бұрын да әдепті ұлдар, әдепті қыздар болған. Олар: Қыз Жібек, Баян сұлулар, Қамар секілді батырлар. Алдағы әже- апаларымыз. Бұлардың әдептілігі – үлкенді , ер - азаматты, ағайын-туғанды, дос-жолдастарды, құрбы-құрдастарды сыйлауға, құрметтеуге, солардың қасы мен қабағына қарауға негізделген. Сондықтан халқымыздың тарихымен бірге қалыптасып, қанына сіңген, күнделікті тұмысында әбден қалыптасқан мұндай игі дәстүрлерден үйренуге, оларды жете білуге , сыйлауға міндеттіміз. Мысалы: «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың бізге де арналғанын ұмытпауға тиістіміз.
4-оқушы:
Үлкендеріміз оқымаса да тоқыған, көргенін, өмірден үйренгенін күнделікті қажетіне жаратқан. Өкініштісі – біздің арамызда кітаптан оқығанынан, кинодан, театрдан, музейден көргендерінен «сабақ алмайтындар» көп. Оның есесіне модаға, орынсыз боянуға, сөзін түсінбесек те бажылдақ музыка тындауға әуеспіз. Тіпті Біржанның, Ақанның, Үкілі Ыбырайдың, Әміренің әсем әндерін ұнатпайтындар мен естімегендерді де кездестіреміз.
5-оқушы:
Адамгершілік-анамыздың уыз сүтінен, бесік жырынан, сәбилік кезден, балалық бал дәурен шақтардан басталады. Мектепте, институтта, өмірде толығады, нығаяды, қалыптасады. Оған өзіміз ұмтылуға, оны өзіміз іздеуге, оған өзімізді - өзіміз тәрбиелеуге талпынуымыз қажет. Болашақ ұстазға білімділік, ұстамдылық, сыпайылық, әдептілік, жұмсақтық пен мейірімділік жарасады деп білгендіктен , мен осы қасиеттерді бойыма сіңіруге тырысамын.
6-оқушы
Шынайы сезім адамның көңіліне көлеңке түсірмейді, жанына жара салмайды, өкпесіне дақ қалдырмайды. Қайта күш пен қуат қосады. Іскерлікке құлшындырады. Өмірдің мәнді, тұрмыстың сәнді болуына жағдай жасайды.
Бүгінгі құрбыларымда сезімді сыйлау, көңілді құрметтеу, мінезді тәрбиелеу жағы жетіспейді. Жардың жағасында, түйенің қомында, аттың жалында жүргендей айқаудап, алабұртып сөйлейді.
Мұны айтасыз, арамызда ана тілімізді шұбарлап сөйлейтіндер де, халқымыздың мәдени мұрасын бағалай білмейтіндер де аз емес. Сөйте тұра, әлемдік әдебиеттің классикалық үлгілерінен тәлім-тәрбие алғысы келетіндерін қайтерсің? Мен ізденгіштерге,еліктегіштерге қарсы емеспін.Тек осының бәрінде де әдептен озбауды орынды санаймын.
Алдымен Абайдың , Жамбылдың, Сәкеннің, Бейімбеттің , Мұхтардың, Сәбиттің, Қасымның шығармаларын оқуды ұсынамын. Орта мектепте оқылатын осындай алыптарымыздың өлеңдерін, романдарын, поэмаларын, очерктерін білмей жүріп, басқаларға құлаш созатындарға қарсымын. Өйткені, адамгершілік пен жауапкершілік - өз үйіміздің, өз мектебіміздің , өз халқымыздың өткені мен бүгінгісін білуден, болашағын ойлаудан басталады.
Осылардан хабары жоқтарды тоғышардың қатарына қосамын.
7-оқушы:
«Ән- көңілдің ажары». Сұлулық – жастықтың көркі, келбеті. Тек жан сұлулығы мен дене сұлулығының бірлігі мен айырмашылығына сыншыл көзбен , ойлы жүрекпен қараған орынды.
8-оқушы:
Шынайы шындықты адалдар ғана айта алады. Ал, ол жоқ жерде өтірік пен өсек, жағымпаздық пен тоғышарлық бел алады. Шындықты қандай жағдайда, кімге, қалай айтуға болатынын да ескерген, есепке алған жөн.
Әділдікті ұстаздан, ата – анадан, адал достан үйренеміз. Сондықтан мұны адамдығымыздың асыл қасиетіндей, көзіміздің ағы мен қарасындай аялауға , сақтауға, қастерлеуге міндеттіміз.Өмірдің, жанұяның, күнделікті іс пен әрекеттің, алға қойған мақсаттың мәні мен сәні, бала тәрбиесінің нәрі мен мазмұны осында.

9-оқушы:
Пікір айтушылар басты мәселені ұмытып барады. Ол – ер атандыратын, құрметке бөлейтін еңбек.
Мұнсыз білім де, мамандық та өздігінен игерілмейді. Ол үшін оқуымыз, жатпай тұрмай ізденуіміз, қалаған мамандығымызды ұқыптылықпен, шынайы сүйіспеншілікпен жан – жақты игеруге барлық күшіміз бен жігерімізді жұмсауымыз керек. Адамдықтың, әдептіліктің, сұлулықтың алтын сандығы, сарқылмас көзі де тек қана еңбекте. Басты борышымыз да осы.
(Соңынан пікірталас сұрақтарына айтқан пікірлері мен жазған жауаптарының қорытындысы шығарылады .)